Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ирландияға сапары кезінде оның ұшағын белгісіз дрондар бақылап жүргені туралы ақпаратты Украина президенті әкімшілігінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвин растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Литвиннің айтуынша, қауіпсіздік мәселесі қабылдаушы тараптың жауапкершілігінде. Ирландия тарапынан берілген деректер дрондардың шынымен тіркелгенін көрсеткен, бірақ бұл жағдай сапар бағдарламасына әсер етпей, өзгерістер енгізуді талап етпегенін ол атап өтті, деп жазады DW.
1 желтоқсанда украин көшбасшысының ұшағы Дублинге қонар алдында оған төрт белгісіз дрон жақындаған. Дереккөздердің хабарлауынша, бұл аппараттар астананың солтүстік-шығысынан көтеріліп, президенттік борттың жанынан өтіп, біраз уақыт бойы алдын ала құпия түрде теңізге шығарылған Ирландия әскери-теңіз күштеріне тиесілі кеменің үстінде қалықтап тұрған.
Әуе қорғанысы құралдары қолданылмаған, ал кемедегі қару-жарақ оларды атып түсіруге жеткіліксіз болған. Патрульдік жойғыштар да жағдайға араласпады. Бұл оқиға туралы The Irish Times та жазған. Басылымның мәліметінше, ВМС кемесі Зеленский ұшағының болжалды бағыты маңынан бес дронды байқаған. Олар президенттік борттың күтілуіне сәйкес Хоут маңында пайда болған. Алайда ұшақ күтілген уақыттан ертерек жеткен, сондықтан оған қауіп төнбегені айтылады.
ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ
Ирландия полициясы дрондардың құрлықтан немесе жақын маңдағы кемеден ұшырылғанын анықтауға тырысуда. Тергеуге әділет және қорғаныс министрліктері тартылған. Куәгерлер дрондарды әскери үлгідегі құрылғыларға ұқсатады. Зеленский сапары кезінде Дублин әуежайының маңындағы әуе кеңістігі уақытша жабылған. Украина президентінің Ирландия басшылығымен өткізген барлық кездесулері оқыс жағдайсыз өтті.