Мәңгілік президент: 92 жастағы Бийя тағы да сайлауға қатыспақшы

Ulysmedia
Фото: AP Photo/ Sunday Alamba

92 жастағы Камерун президенті Поль Бийя тағы да сайлауға қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәңгілік президент

– Мен Президенттікке кандидатпын. Менің сізге қызмет етуге деген шешімім біздің ел алдында тұрған қиындықтардың ауқымы сияқты үлкен, – деп жазды ол Х желісіне.

Бийя 1982 жылдан бері Камерунның Президенті. 2008 жылы президенттік мерзімге шектеу жойылғаннан кейін, ол шексіз сайлауға түсуге мүмкіндік алды. Президент сайлауында жеңіске жеткен жағдайда ол 99 жасына дейін билікте қалады.

Бийяның денсаулығы туралы мәселе өткен жылы ол 42 күн бойы ел алдына шықпай кеткен уақытта қызу талқыланған. Содан кейін билік оның өзін жақсы сезінетінін мәлімдеді және ұлттық қауіпсіздік мәселесіне сілтеп, оны талқылауға тыйым салды.

Бийяның сайлауға қатысатыны туралы бұған дейін де айтылған. Бірақ осы уақытқа дейін ресми түрде расталмаған. Оның кандидатурасын қазір билік басындағы " Камерун халықтық демократиялық қозғалысы" (CPDM) партиясы қолдайды.

Бийяның қарсыластары

Бірнеше оппозициялық саясаткерлер, соның ішінде Маурис Камто, Джошуа Оси, Акеру Муну және Кабрал Либия да сайлауға қатысуға ниет білдірді. Олар Бийяның көпжылдық билігін қатты сынға алады және сайлау процесінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін реформаларды талап етеді.

Камерундағы тұрақсыздық

Камерунда ағылшын тілді аймақтарда экономикалық қиындықтар мен сепаратистік қақтығыстар, солтүстікте террористік қауіп өрті өршіп тұр. Онда ДАИШ-пен байланысы бар исламшыл "Боко Харам" радикал тобы өте белсенді.