Қырғызстанның басты комитет басшысының жасырын бизнес-жобасы әшкере болды

Сырым Қаржас
фото: akipress.org

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев Еуропадағы футбол клубының акционері атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қырғыз футбол одағының президенті әрі Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев Словакиядағы "Тренчин" футбол клубын банкроттықтан құтқарып, оның акционері болған. Бұл туралы словакиялық БАҚ жазды. Ақпаратқа сәйкес, өткен жылы "Тренчин" қаржылық қиындықтарға тап болған, алайда Қырғызстаннан келген инвестор жағдайды өзгерткен. Ташиевтің клубтағы үлесі – 10 пайыз. Сондай-ақ бұл факті Камчыбек Ташиевтің 19 жастағы ұлы Эмирхан Қыдыршаевтың биыл клуб құрамына қабылдануымен де байланыстырылып отыр.

Белгілі словакиялық жаттықтырушы Владимир Коник футболшының «тамыр арқылы» алынғаны сырттай жақсы көрінбейтінін айтқанымен, бұған сынмен қараудың қажеті жоқ деп санайды.

– Бұл туралы мен Қырғызстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Штефан Тарковичпен сөйлестім. Ол бұл адамның (Ташиевтің) деспоттық әрекетке бармайтынын айтты. Ол футболдан хабардар, кеңеске құлақ асады. Дегенмен, оның 19 жастағы ұлы клубқа қабылданғанда бұл жағдай біраз дау тудырды. Бірақ ол әлі жас, мүмкін өзін көрсете алатын шығар, – деп пікір білдірді Коник.

ТАШИЕВ

Камчыбек Ташиев 2020 жылдан бері Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетін басқарып келеді.