Қазақстан мен Өзбекстан: инвесторларға қай ел тиімді

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Деректерді жергіліктендіру туралы заңға байланысты шетелдік компаниялардың 87%-ы Өзбекстан нарығына шығудан бас тартқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Kotib AI Research зерттеуіне сәйкес, шетелдік ірі компаниялардың 87%-ы азаматтардың дербес деректерін тек ел ішінде сақтау талабына байланысты Өзбекстан нарығына шығудан бас тартқан. Бұл ел экономикасына жыл сайын 3,2–4,5 млрд доллар шығын әкеліп отыр. Бұл ЖІӨ-нің шамамен 5,7%-ы.

СЕБЕБІ

PayPal, Netflix, Microsoft Azure, Spotify және Stripe секілді компаниялар Өзбекстан нарығына шығуды тиімді деп санамайды, себебі бұл миллиондаған доллар инвестицияны қажет етеді. Мысалы, Stripe төлем жүйесінің есептеуінше, Өзбекстанда жұмыс істеу үшін бастапқы инвестиция көлемі 10–15 млн долларды құраса, жыл сайынғы шығындар тағы 2–4 млн доллар аралығында болады. Бұл талап жергілікті стартаптар мен ІТ мамандарға да кері әсер етіп, олардың бұлтты технологияларға қол жеткізу мүмкіндігін шектеп отыр.

САЛЫСТЫРУ

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан, Грузия және Эстония Өзбекстаннан айырмашылығы – деректер алмасу саласында икемді саясат жүргізеді. Бұл елдер трансшекаралық деректер алмасуын қамтамасыз етіп, халықаралық стандарттарды сақтай отырып, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға және цифрлық экономиканы дамытуға жол ашып отыр.