АҚШ Конгресі USAID пен БАҚ-қа бөлінетін қаржыны 9 млрд долларға қысқартуға келісті

Сырым Қаржас
Whitehouse.gov

АҚШ Конгресі шетелдік көмек пен қоғамдық хабар таратуға бөлінетін қаржыны қысқарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Конгресс президент Дональд Трампқа қол қою үшін 9 миллиард долларды үнемдеуді көздейтін шаралар пакетін жолдайды.

"Қайта қарау пакеті" деп аталатын заң жобасын Өкілдер палатасында 216 дауыс "жақтап" , 213 дауыс " қарсы" дауыс жинады. Бұл шешім республикалықтар мен демократтар арасындағы қызу пікірталастан кейін қабылданды.

Заң жобасы жұма күні қабылданбаса, Ақ үй бөлінген қаржыны бастапқы жоспар бойынша қайтадан игеруге міндетті болар еді. Енді Трамп қол қойғаннан кейін, құжат АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігіне (USAID) бөлінген 8 миллиард долларды және Қоғамдық хабар тарату корпорациясына бөлінген 1 миллиард долларды осы қаржы жылының соңына дейін бұғаттайды.

Бұл қаржы 2025 қаржы жылына Конгресс тарапынан бөлінген еді.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚТАР МЕН ДЕМОКРАТТАРДЫҢ ТАРТЫСЫ

Республикалықтар бұл шешімді "жеңіс" деп атап, америкалық салық төлеушілердің ақшасын шетелдегі "ояну" идеологиясын насихаттайтын бастамаларға жұмсауға тосқауыл қойдық деді. Ал демократтар керісінше, оңшылдарды маңызды халықаралық көмекті қысқартты деп айыптады.