Алдағы бірнеше ай ішінде Украинада президент ауысуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Журналист Сеймур Херштің Вашингтондағы дереккөздеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Ұлыбританиядағы Украина елшісі әрі бұрынғы бас қолбасшы Валерий Залужный Украинаның келесі президенті болуы мүмкін. Оның айтуынша, Залужный бірнеше ай ішінде Владимир Зеленскийдің орнын басуы ықтимал.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Сеймур Херш Substack платформасында жариялаған жазбасында Зеленский бұл қызметтен АҚШ президенті Дональд Трамп шешім қабылдаған жағдайда кетуі мүмкін екенін атап өткен. Журналистпен сөйлескен адамдардың бірі Зеленскийді “күшпен де” орнынан алуы мүмкін екенін айтқан, – делінген жарияланымда.
АНЫҚТАМА
Сеймур Херш әр жылдары Associated Press агенттігінде және The New York Times газетінде жұмыс істеген. 1970 жылы Вьетнам соғысы кезінде америкалық әскерилердің бейбіт тұрғындарды қырып-жоюы туралы зерттеу материалымен Пулитцер сыйлығын жеңіп алған. Кейінгі жылдары ол АҚШ-тың “Солтүстік ағын” газ құбырының жарылысына қатысы барын және Вашингтон Киевке бөлген отынға арналған қаржыны Зеленский жымқырғанын мәлімдеген.