Алматы-2 станциясында жасөспірім пойыздың төбесіне өз бетімен шығып, тоқ соғып жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
2025 жылғы 19 шілдеде сағат 18:55-те Алматы-2 станциясында кезекші қызметкер оқыс оқиғаны тіркеген.
– Кәмелетке толмаған (15 жастағы ұл бала) вагонның төбесіне өз еркімен шыққан. Салдарынан электр тоғы соғып, күйік алған. Оқиға орнына жедел түрде жедел жәрдем қызметі жетті. Жасөспірім тірі, оған медициналық көмек көрсетілді, – деп хабарлады ҚТЖ өкілдері.
Оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталды.
Қазақстан темір жолы компаниясы қазақстандықтарға темір жол – жоғары қауіпті аймақ екенін еске салды. Жолдарға заңсыз кіру және жылжымалы құрам маңындағы кез келген әрекет адам өмірі мен денсаулығына ауыр салдар әкелуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жеңіл көлік жол ережесін бұзып, пойызбен соқтығысқанын хабарлаған едік.