Әзербайжан мен Ресей соғыс ашуы мүмкін бе - сарапшы ойы

Сырым Қаржас
фото: РИА Новости / Алексей Куденко

Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеленістің күшеюі Қазақстан үшін тағы бір сыртқы тәуекел. Бұл туралы саясаттанушы Данияр Әшімбаев пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАКУГЕ ТИІМСІЗ

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев қазіргі жағдайды көлік-логистикалық текетірес призмасы арқылы талдады. Оның айтуынша, Әзербайжан Зәңгезур дәлізі арқылы Арменияға ықпалын арттыруды көздейді, ал Ресеймен қарым-қатынастың ушығуы бұл мақсатқа жол ашуы мүмкін. Бакудің артында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған тұр, сондықтан оны есепке алмауға болмайды.

Алайда, Әшімбаевтың айтуынша, Әзербайжан Ресеймен тікелей соғыс қимылдарына баруға мүдделі емес.

- Бакудің Ресеймен қарым-қатынасты тікелей қақтығысқа дейін жеткізетініне күмән бар. Ресей армиясы Украинадағы соғысқа көп күш жұмсап жатқанына қарамастан, Әзербайжанды бейтараптандыруға ресурсы жеткілікті. Бұдан бөлек, Баку үшін маңызды саналатын мұнай және логистикалық инфрақұрылым осал күйде орналасқан. Сонымен қатар, Әзербайжан Ресейдегі диаспорасы мен Мәскеумен арадағы сауда және транзит мүддесін қауіпке тіге қоймас. Армениямен қақтығыстағы жеңістен кейін Бакуде эйфория басым болғанымен, бұл жеңістің артында Анкара мен Тель-Авив, сондай-ақ Қарабақты қолдан берген Пашинян тұрғаны анық», – деді сарапшы.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ ҚАУІП БАР

Әшімбаевтың айтуынша, Мәскеу мен Баку арасындағы шиеленістің өршуі Қазақстанға логистикалық тұрғыдан қысым тудырып, идеологиялық қауіптерге де себеп болуы мүмкін.

- Қазақстан үшін бұл жағдай логистикалық дағдарыстың ушығуына, сондай-ақ ұлтаралық, тілдік және діни арандатулар мен радикализмді қоздыруға бағытталған сыртқы насихаттың күшеюіне әкелуі мүмкін. Алайда Астана өз позициясын стратегиялық ойыншы ретінде көрсете білді. Мұндай қауіптермен жұмыс істеуді меңгерген. Бұл жолы да Қазақстан Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен одақтастық арқылы жағдайды тұрақты ұстай алады. Өйткені мұндай қақтығыстар Орталық Азияға қажет емес, – деп түйіндеді Данияр Әшімбаев.

КОНТЕКСТ

Ресей мен Әзербайжан арасындағы қатынастар 2024 жылдың соңынан бастап екі мәрте шиеленіскен.

Желтоқсанда Қазақстан аумағында Әзербайжанның AZAL авиакомпаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесімен атып түсірілген болуы мүмкін. 2025 жылдың маусымында Екатеринбург қаласында әзербайжан диаспорасының бірнеше өкілі ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен ұсталып, олардың екеуі қаза тапты. Бұған жауап ретінде Бакуде «Sputnik-Әзербайжан» агенттігінің бірнеше қызметкері мен бірқатар ресейлік IT-маман тұтқындалған.