Қаңтар қақтығысы: Елде қозғалған қылмыстық істердің саны 1 822-ге жетті

Ulysmedia

Президент жекелеген мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері басшыларының кеңесі өтті.

Мемлекет басшысына еліміздегі ахуалды тұрақтандыру үшін берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндалды. Әсіресе қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қайта қалпына келтіруге, азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуге баса мән берілді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Президентке еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» деп аталатын шұғыл алдын алу шараларының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Халықтан заңсыз сақтап отырған қаруларын алу ісі жалғасуда. Ведомствоның мәліметі бойынша терроризм, кісі өлтіру, билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсету, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасау және басқа да қылмыстар бойынша 1 822 қылмыстық іс қозғалған. Оның 116-сы арнаулы прокурорларға жолданған. ІІМ жеке қауіпсіздік департаменті жанынан сенім телефоны іске қосылған. Министрдің айтуынша, ұсталған азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында құқық қорғау ұйымдарымен тығыз ықпалдастық орнатылған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Мемлекет басшысына лаңкестік қауіптерді жою және келешекте ондай қатерлерге жол бермеу механизмдерін әзірлеу жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Президентке қазіргі уақытта Қарулы Күштердің жекелеген бөлімшелері ішкі істер органдарымен бірлесіп, террористік қауіптің «қызыл» деңгейінде тұрған өңірлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындауды жалғастырып жатқанын баяндады. Әскери нысандардың, соның ішінде қару-жарақ және оқ-дәрі қоймаларының күзеті күшейтілген.