Өзбекстанда бала туу екінші жыл қатарынан азайып жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Өзбекстанда екінші жыл қатарынан туу көрсеткіші төмендеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Өзбекстанның ұлттық статистика комитетіне сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Өзбекстанда 405,5 мың бала дүниеге келген. Статистикалық деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,4 мыңға аз. 2023 жылы елде 968,1 мың адам туған, бұл соңғы ондаған жылдағы рекордтық көрсеткіш еді және 2022 жылмен салыстырғанда 28,4 мыңға артық. Алайда 2024 жылы туу көрсеткіші төмендеді: тіркелген жаңа туғандар саны – 926,4 мың.

БАЛА ТУУ КӨП ТІРКЕЛГЕН ӨҢІРЛЕР

2025 жылдың мамыр айының соңындағы мәліметке сәйкес, ең көп бала Самарқанд облысында дүниеге келген – 32 118 сәби. Одан кейінгі орындарда Ферғана (30 371) және Қашқадария (29 792) облыстары тұр.

НЕКЕ

Елде неке саны да қысқарған: жарты жыл ішінде 95,3 мың неке тіркелген – бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,1 мыңға аз. Сонымен қатар, ажырасулар саны артқан – 23,3 мың отбасы ыдыраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 800-ге көп.

КОНТЕКСТ

Туу көрсеткішінің төмендеуі қалада да, ауылдық жерлерде де байқалады – 2025 жылдың бірінші тоқсанында қалаларда туғандар саны шамамен 3 %-ға (136 060-қа дейін), ал ауылдарда 3,5 %-ға (130 418-ге дейін) азайған. Сарапшылар мұның негізгі себебі ретінде демографиялық «шөгу» құбылысын атауда: бұл кезеңде бала туу жасындағы әйелдер арасында туу көрсеткіші шегіне жеткен, яғни 20–29 жас аралығындағы топ саны азайып, бұл өз кезегінде жаңа туғандар санына тікелей әсер етіп отыр.