Дональд Трамп ФИФА-ның бейбітшілік сыйлығын иеленген алғашқы әрі соңғы адам болуы мүмкін. Халықаралық футбол федерациясы бір жыл бұрын ғана тағайындап, алғаш рет АҚШ президентіне табыстаған сыйлығынан бас тарту мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
The New York Times басылымының мәліметінше, ФИФА-ның арнайы комитетіне сыйлықтың қаншалық негізді тағайындалғанын және оны алдағы уақытта табыстау қажет пе деген мәселені зерделеу тапсырылған.
Басылымның футбол саласындағы жоғары лауазымды дереккөздерінің айтуынша, ұйым ішінде ФИФА президенті Джанни Инфантиноның Дональд Трамппен тығыз қарым-қатынасына наразылық күшейіп келеді.
Қазір екі нұсқа қарастырылып жатыр: сыйлықтан біржола бас тарту немесе оның атауы мен форматын өзгерту.
Түпкілікті шешім 15 желтоқсанда Катарда өтетін ФИФА кеңесінің отырысында қабылдануы мүмкін.
Әзірге федерация мәселенің мән-жайын ашып айтпай, сыйлықтың болашағына қатысты шешімді уақыты келгенде қабылдайтынын мәлімдеді. Ал Ақ үй журналистердің сауалына жауап бермеген.
Сыйлық тағайындала салысымен Трампқа табысталған
Инфантино 2025 жылғы қарашада жыл сайын табысталатын бейбітшілік сыйлығының тағайындалғанын жариялады. Сыйлық бейбітшілікті нығайтуға және қоғамның бірлігін арттыруға елеулі үлес қосқан тұлғаларға берілуге тиіс еді.
Алайда сол жылғы 5 желтоқсанда футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімінде алғашқы сыйлық Дональд Трампқа табысталды.
Бұл шешім сынға ұшырады. Кейін белгілі болғандай, ФИФА кеңесі сыйлықтың тағайындалуын да, оның алғашқы иегерін де бекітпеген.
Норвегия футбол федерациясының басшысы Лизе Клавенесс Трампты марапаттау туралы шешімнің ФИФА жарғысында жеткілікті негізі болмағанын және белгіленген рәсімдердің сақталмағанын мәлімдеген еді.