Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әнші Жұбаныш Жексенұлына қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ
Іс материалдарына сәйкес, әнші 21 шілдеде сағат 00.30 шамасында Астана қаласының халықаралық әуежайында азаматша С.-ға балағат сөздер айтып, қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзған.
Сот отырысы барысында Жұбаныш Жексенұлы құқық бұзушылық жасағанын мойындап, сол сәтте эмоционалдық күйде болғанын, істеген ісіне өкінетінін және кешірім сұрайтынын жеткізген.
Жәбірленуші С. оқиғаның болғанын растады.
ДӘЛЕЛДЕР
Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, құқық бұзушының түсініктемесімен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ бейнежазбамен дәлелденді.
ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
СОТ ШЕШІМІ
Сот істің мән-жайын, құқық бұзушының құқық бұзушылыққа дейінгі және кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындау мен шын жүректен өкінуін,жазаны ауырлататын мән-жайлар - құқық бұзушылықты алкогольдік масаң күйде жасағанын ескере отырып, 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім қабылдады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.