Танымал ультрамарафоншы және саяси тұтқын Марат Жыланбаевтың түрмеде ауыр хәлде екені туралы мәлімет тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина оны жартылай ес-түссіз күйде, өздігінен жүре алмайтын хәлде деп сипаттап, салмағы шамамен 45 келіге дейін төмендегенін жазды. Оның айтуына қарағанда, Жыланбаев қара қошқыл тартып кеткен, жағдайы тым ауыр. Төреғожина "Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жауапкершіліктен жалтарып отыр" деп жазды.
Алайда комитет Жыланбаевтың денсаулығы туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, сотталған азамат үкіммен келіспеуіне байланысты тамақтан бас тартатыны туралы өтініш бергенімен, бейнебақылау жазбаларында оның су, шай және компот ішіп отырғаны көрінеді.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Оның денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда, тұрақты түрде медицина қызметкерлерінің бақылауында. Салмағы 45 келі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ол бірнеше рет ҚАЖК басшылығының, қадағалаушы органдар мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдерінің қабылдауында болды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілден түсіндірме хаты жіберілді. Сотталған азамат тарапынан ресми шағымдар түспеген, – делінген комитет таратқан хабарламада.
МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ
62 жастағы Марат Жыланбаев — әлемнің ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен жалғыз адам. Ол жеті әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қамауға алынғанға дейін оппозициялық партияны тіркетуге талпынып, мәжіліс сайлауына қатысқан. 2023 жылғы қарашада Астана соты оны “экстремистік ұйымды қаржыландырды және оның қызметіне қатысты” деген айыппен жеті жылға соттаған. Еуропарламент бұл ұйымды бейбіт оппозиция деп таныған.