Жыланбаевтың ұлы әкесінің ісін қайта қарап, жазасын жеңілдетуді талап етті

Мейірман Лес
Ulysmedia коллажы

Әлемдік деңгейдегі ультрамарафоншы, Гиннестің жеті дүркін рекордшысы Марат Жыланбаевтың ұлы – Рустам Жыланбаев көпшілікке үндеу жасады. Ол әкесінің денсаулығы нашарлағанын айтып, оның ісін қайта қарап, жазасын жеңілдетуді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қазақстандық аңызға айналған марафоншы, әлемдік рекордшы Марат Жыланбаев қазіргі таңда колонияда өте ауыр жағдайда отырғаны белгілі болды. Оның ұлы Рустам Жыланбаев Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, 62 жастағы әкесінің салмағы небәрі 45 келіге түсіп кеткенін, тіпті жүре алмай қалғанын айтты.

Жыланбаевтың ұлы әкесі саяси көзқарасы үшін жазаға тартылды деп есептейді және сот шешімінің әділетсіз екеніне сенімді.

Құрметті қазақстандықтар!

Мен, Жыланбаев Рустам Маратұлы, бүкіл әлемнің ең үлкен шөлдерін жүгіріп өткен даңқты марафоншы Марат Жыланбаевтың ұлымын. Бүгінде әкем саяси көзқарасы үшін ҚР ҚК-нің 405 және 258-баптары бойынша сотталып, түрмеге қамалды. Ол ешкімді өлтірген жоқ, ешкімді ұрған жоқ, тонамады да. Соған қарамастан, оған 7 жыл түрме жазасы берілді.

Қазір ол 45 келі ғана, жүре де алмайды. Сот үкімін қайта қарап, жазасын жеңілдетулеріңізді сұраймын. Ең болмаса, оған қалыпты жағдай жасалсын немесе басқа колонияға ауыстырылсын.

Ол — Гиннестің рекордтар кітабының жеті дүркін рекордшысы, балалар үйінде өскен, суретші, мүсінші, өз бетінше білім алған жан. Оның картиналары әлемнің түкпір-түкпірінде сатылған. Кәсіпкер болған, отбасылы, бес баланың әкесі, екі немересі мен екі жиені бар. Қазір 62 жаста.

Оны аман алып қалу үшін шара қабылдауларыңызды өтінемін. Әкеме денсаулық тілеймін, тезірек бостандыққа шығып, отбасымызға оралсын, – деді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Марат Жыланбаевтың түрмеде ауыр хәлде екені туралы мәлімет тараған еді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина оны жартылай ес-түссіз күйде екенін жазды. Оның айтуына қарағанда, Жыланбаев қара қошқыл тартып кеткен, жағдайы тым ауыр.

Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Жыланбаевтың денсаулығы туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. 

МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ

62 жастағы Марат Жыланбаев — әлемнің ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен жалғыз адам. Ол жеті әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қамауға алынғанға дейін оппозициялық партияны тіркетуге талпынып, мәжіліс сайлауына қатысқан. 2023 жылғы қарашада Астана соты оны “экстремистік ұйымды қаржыландырды және оның қызметіне қатысты” деген айыппен жеті жылға соттаған. Еуропарламент бұл ұйымды бейбіт оппозиция деп таныған.