Қырғызстанда елдің жаңа әнұранын анықтайтын байқау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қырғызстанда әнұран мәтіні мен әуенінің жаңа нұсқасын іріктеуге арналған ведомствоаралық комиссияның төртінші отырысы өтті. Бір айдың ішінде 79 азамат 132 нұсқа ұсынған. Солардың ішінен комиссия тек 5 мәтінді іріктеп алған.
Байқау әділ өтуі үшін мәтіндер арнайы шифрмен қабылданып, авторлардың аты-жөні көрсетілмеген.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Жақында іріктелген бес мәтінге негізделіп, әнұранның жаңа әуенін жасауға арналған байқаудың екінші кезеңі жарияланады, – деді мемлекеттік хатшы Марат Иманқұлов.
АНЫҚТАМА
Қырғызстанның қазіргі әнұраны 1992 жылы қабылданған. Оның авторлары – Аалы Токомбаев пен Муса Жангазиев (мәтін), Насыр Давлесов пен Калый Молдобасанов (музыка). Соңғы жылдары қоғамда бұл әнұранның заманауи талаптарға сай еместігі, елдің тәуелсіздік рухын толық жеткізе алмайтыны туралы пікірлер жиілеген. Сол себепті билік жаңа мәтін мен әуен жасау бастамасын көтеріп, ашық байқау жариялады.