Әлиевтің көмекшісі Ресейге үн қатты: Жауапкершілікті өз мойнына алатын уақыт келді

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Ресми Баку AZAL әуе компаниясының ұшағын атып түсіру фактісі бойынша Ресейден жауапкершілікті талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Әзербайжан тарапы Ақтауда құлаған AZAL ұшағын Ресей әскерилері атып түсіргенін дәлелдейтін барлық айғақтың бар екенін мәлімдеді. Енді Баку Мәскеудің бұл қайғылы оқиға үшін жауапкершілік алғанын күтіп отыр. Бұл туралы Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиев айтты.

Оның айтуынша, Әзербайжан мен Ресей арасындағы қатынастарда түбегейлі өзгерістер болмағанымен, кейінгі айларда тараптар арасында түсініспеушілік пен шиеленіс байқалып отыр.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Мұндай оқиғалар көрші мемлекеттердің арасында да болуы мүмкін. Әуе апатынан басталған бұл жағдай бүкіл Әзербайжан қоғамын дүр сілкіндірді. Ұшақ Ресей аумағында, Ресейдің әуе кеңістігінде құлады және бұл жағдайдың қалай болғанын біз білеміз – бұл құпия емес. Әзербайжан көрші әрі серіктес ел ретінде Ресейден бұл істе жауапкершілікті алып, әділет орнатуын күтеді, – деді Гаджиев.

АНЫҚТАМА

Еске салайық, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау ма­ңында Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) бет ал­ған әзербайжандық AZAL әуе компания­сының Embraer 190 жолаушылар ұшағы құлап, борттағы 67 адамның 29-і аман қалып, 38-і қаза тапты.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жуырда AZAL әуе компаниясының ұшағы апатына байланысты Ресейге қарсы халықаралық деңгейде талап арыз дайындап жатқанын мәлімдеді. 

Ал Әзербайжанның бас прокуроры Кямран Әлиевтің айтуынша, ресейлік тарап Ақтаудағы AZAL ұшағының атып түсірілуі мен апатына қатысты тергеу нәтижелерін әзірше ұсынбай отыр. Ол сондай-ақ Бакудің өзінде бұл трагедияға қатысты барлық дәлел толық жиналғанын атап өтті, оқиғаның мән-жайы түгел анықталған. 

Әзербайжан AZAL ұшағына шабуыл жасауға бұйрық берген Ресейдің лауазымды әскери қызметкері кім екенін жариялады.

Осы ұшақ апатынан кейін Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас күрт суыды. Ulysmedia.kz осы ахуалдың себептері мен мүмкін салдарын талдап көрді.