Иранда сот ғимаратына жасалған шабуылдан алты адам мерт болды

Сырым Қаржас
ISNA

Иранның оңтүстік-шығысындағы Захедан қаласындағы қарулы шабуыл салдарынан алты адам қаза тауып, 13 тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оқиға Систан және Белуджистан провинциясындағы сот ғимаратында болған. Билік бұл шабуылды лаңкестік әрекет деп бағалады. Иранның мемлекеттік БАҚ мәліметіне қарағанда, шабуыл жасаған үш адам қауіпсіздік күштерінің оғынан оқиға орнында өлтірілген.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, шабуыл үшін жауапкершілікті “Жаиш әл-Әділ” (“Әділет әскері”) атты сунниттік экстремистік топ Telegram арқылы жариялаған мәлімдемесінде өз мойнына алған.

HAALVSH құқық қорғау ұйымының куәгерлерге сілтеме жасап хабарлауынша, қарулы адамдар сот ғимаратына басып кіріп, судьялардың бөлмелеріне дейін жетіп, қауіпсіздік қызметкерлері мен сот қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Қаза тапқандардың арасында бір әйел мен оның баласы да бар екені айтылды.

Шабуыл болған Систан және Белуджистан — Иранның Пәкістан мен Ауғанстанға шекаралас орналасқан, этникалық белудждер тұратын өңір. Бұл аймақ тұрғындары жылдар бойы әлеуметтік әділетсіздік пен саяси қысымға шағымданып келеді. Мұнда Иран күштері мен қарулы топтар арасында жиі қақтығыстар орын алады. Билік өкілдері кейбір топтарды шетелдік құрылымдармен байланысы бар, контрабанда мен бүлік әрекеттеріне қатысы бар деп айыптап отыр.