25 шілдеде Алматы облысында жоғалып кеткен EC-145 әскери ұшағы бортында болған экипажы мүшелерінің туыстары президент, төтенше жағдай және қорғаныс министрлерінен көмек сұрады. Іздеу операциясын жеке бақылауларына алуды өтінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
– Жағдайға назар аударуыңызды сұраймыз. Экипаждың үш мүшеcін туыстары күтіп отыр. Оларды тезірек құтқарады деп үміттенеміз, – дейді видеода туыстарының бірі.
ЖОҒАЛҒАН УАҚЫТ
Олардың сөзінше, бірінші күн Отар ауданында іздеу жұмыстары жүргізіліп, «бекерге уақыт» жұмсалған. Нағыз іздеу бір күннен кейін ғана – Сорбұлақ қоймасы маңында басталған.
– Бәлкім, олар жарақаттанып, әлі күнге дейін көмекті күтіп жатқан болар. Қазір біз достары, туыстары мен еріктілер өз күшімізбен іздеп жатырмыз. Іздеу жұмысын күшейтіп, түнде техниканы қосуды сұраймыз. Әрбір минут қымбат, – дейді видеода.
СОРБҰЛАҚТАН ТАБЫЛҒАН БӨЛШЕКТЕР
EC-145 тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалған. БАҚ-та тараған ақпаратқа қарағанда, тікұшақ бортында үш адам болған. Кейіннен олардың Амангелді Аман, Ержігітов Бақтияр және Уйсенбаев Нұржігіт екені айтылған.
Ұшақ Луговойдан ұшып шыққан. Отар аумағында онымен байланыс үзілген. Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақ бөлшектері Сорбұлақ маңынан табылғанын хабарлаған.
Сорбұлақ – Алматының солтүстік-батысында орналасқан тазартылған құбыр суын жинайтын қойма. Ол әкімшілік аумақ жағынан Алматы облысы Іле ауданына қарайды.