Дина Таңсәрі Черногориядан саяси баспана алды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Динара Таңсәрі (Смаилова) мен оның күйеуі Алмат Мұхамеджанов Черногориядан саяси бассауға алды. Олар екі жылға жуық уақыт бұрын өтініш берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«НеМолчиKZ» қорының жетекшісі, қоғам белсендісі Динара Смаилова, жұртшылыққа Дина Таңсәрі есімімен де танымал, күйеуімен бірге Черногориядан саяси баспана алды. Бұл туралы бастапқы күннен-ақ отбасыға қолдау көрсетіп келген «Азаматтық альянс» ұйымы хабарлады.

- Осылайша ұзаққа созылған және күрделі процедура аяқталды. Енді Динара Смаилова мен Алмат Мұхамеджанов өмірлерін қауіпсіз ортада – Черногорияда жалғастыра алады, – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Баспана алу процесі шамамен екі жылға созылған. 2024 жылдың сәуірінде Смаилова Черногорияда Қазақстанның сұрауы бойынша ұсталған еді. Оған елімізде алты қылмыстық іс бойынша айып тағылған. Алайда келесі күні Подгорица соты белсендіні босатып, оның төлқұжатын тәркілеген және экстрадициялау процесін оның қорғауға алу туралы өтініші қаралғанға дейін тоқтатқан.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес, Смаилова елде алты қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген. Оның ішінде әдейі жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғу, алаяқтық және заңсыз қаражат жинау баптары бар. Билік «НеМолчиKZ» платформасы арқылы жиналған қаражаттың жеке мақсатта жұмсалғанын алға тартады.

Ал Смаилова тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, оларды саяси астары бар деп санайды. Журналистерге берген сұхбатында ол бұл істердің барлығы қолдан жасалғанын және өзінің әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күресетін, жапа шеккендердің арыз-шағымына бейжай қарайтын полициямен күресетін қорының жұмысына тікелей байланысты екенін айтқан.

Қазақстаннан 2021 жылы кеткеннен кейін Смаилова отбасымен бірге Грузияда тұрған. Алайда 2023 жылдың күзіне қарай елден қысқа мерзімге шығып келгеннен кейін, оны қайта кіргізбей қойған. Оның айтуынша, бұл шектеу Қазақстан билігінің қысымымен байланысты болған.

2023 жылдың қазан айынан бастап отбасы Черногорияға қоныстанды. Жергілікті құқық қорғау және әйелдер ұйымдары Смаилованы экстрадицияламауға және оған саяси баспана беруге шақырып, үндеу жасаған. Ақырында, бұл талап орындалды.