Қазақ азаматтарын шетелге жұмысқа жіберумен жекеменшік агенттіктер айналысады. Қазақстанда олардың қызметін реттеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кімдер айналысады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы шетелде жұмыс ұсынумен Қазақстанда жекеменшік агенттіктер айналысатынын мәлімдеді. Олар негізінен Астана, Алматы және Қарағанды облысында орналасқан.
– Заңнамаға сәйкес, шетелге жұмыс күшін жіберу құқығы жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктеріне берілген. Қазіргі таңда Қазақстанда ресми тіркелген мұндай 60-тан астам агенттік бар. Еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне келсек, бұл іспен консулдар, яғни Сыртқы істер министрлігі айналысады. Жалпы, азаматтар шетелге шыққанда жекеменшік агенттіктер де оларды елге қайтару міндетін өз мойнына алады, – деді Ерболат Әбілхатин.
Бәрі біркелкі емес
Әбілхатин кейбір жекеменшік агенттіктермен мәселелер туындайтынын мойындады.
– Жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктері көбіне лицензиясыз жұмыс істейді. Олар қазақстандықтардан ақша алып, кейін шетелде туындаған мәселелерімен жалғыз қалдырады, елге қайтаруға көмектеспейді. Сондықтан біз олардың қызметін лицензиялау мәселесін көтеріп отырмыз. Мысалы, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанда бұл заңмен реттелген. Олар ең алдымен жекеменшік агенттіктердің лицензиясын талап ету арқылы олардың құқықтық алаңда жұмыс істеуін, мемлекет саясатын ұстануын қамтамасыз етті. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай агенттіктер көбіне тек ақша табуды көздейді. Сондықтан біз бұл қызметті лицензиялау мен реттеуді ұсынып отырмыз. Enbek.kz сайты арқылы да жұмыс жүргізіледі. Жекеменшік агенттіктер осы портал арқылы азаматтарды шетелге жұмысқа жіберіп отырған. Әрине, бұл (шетелде жұмыс істеу – ред.) тыйым салынған нәрсе емес, керісінше, құпталады, – деп түсіндірді комитет төрағасы.
Ол сондай-ақ азаматтардың шетелге шығуы мен елге оралуы бойынша статистиканы Ішкі істер министрлігі мен шекара қызметі жүргізетінін айтты.