ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз қаңтардағы оқиғаларға байланысты 711 адам тергеу изоляторында жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында полиция күштері мен әскери қызметшілер елде құқықтық тәртіпті орнату бойынша ауқымды операциялар жүргізді. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізуде. Қабылданған шаралар заң талаптарына сәйкес тергеу изоляторларына бұлтартпау шарасы ретінде соттар "күзетпен ұстауға" санкция берген адамдар қамалды», - дейді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, тергеу изоляторларының ішкі тәртіп қағидаларына сәйкес уақытша ұстау изоляторларынан түскен адамдардың бәрі коронавирус бойынша ПТР тесттің теріс нәтижесімен қабылданады және міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Нұрділдә Ораздың сөзіне сенсек, «дене жарақаттары немесе аурулары анықталған кезде оларға дереу медициналық көмек көрсетіледі. Әрбір осындай факт туралы прокуратура органдарына хабарланады». Айтуынша, мекемеде білікті медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда, олар азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізіліп, мамандандырылған күзетілетін палаталарда емделеді.
«Бүгінде осындай тәртіппен 23 адам ем алуда. Олар жаппай тәртіпсіздік кезінде жарақаттанған, біз оны қабылдау кезінде тіркедік. Жаппай тәртіпсіздік барысындағы қылмыстар үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне 731 адам жеткізілді, оның ішінде 20-сы соттар және прокуратура органдарының шешімімен бұлтартпау шаралары үйқамаққа алуға немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстырылды. Қазіргі уақытта тергеу изоляторларында 711 адам бар, олардың барлығы соттардың санкциялары негізінде ұсталады, сондықтан шығарылған бұлтартпау шарасымен келіспеген жағдайда азаматтар прокуратура органдарына заңдылықты қадағалау тәртібімен жүгіне алады», - дейді ол.