Қытай Қазақстанға Y-8F-200 WA әскери-көлік ұшақтарын жеткізуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қытайдан келген жеткізілімнің арқасында Қазақстандағы Y-8 ұшақтарының саны алтыға жетті. Қалған екі ұшақ 2026 жылға дейін елге жеткізіледі. Armiya.az мәліметінше, бұл 2018 жылы Shaanxi Aircraft Corporation компаниясымен жасалған сегіз ұшаққа арналған ұзақмерзімді келісімшарттың бір бөлігі.
Қазақстанға жеткізілген Y-8F-200WA үлгісі жүк тасымалдауға бағытталған. Аймақта бұл ұшақты пайдаланатын елдер қатарында Мьянма, Пәкістан және Судан бар.
АНЫҚТАМА
Y-8F-200WA – Қытайдың Shaanxi Y-8 сериясынан арнайы экспортқа арналған нұсқасы. Ол кеңес дәуіріндегі Ан-12 ұшағының негізінде жасалған. 1970-жылдардан бері түрлі тапсырмаларға бейімделіп келе жатқан бұл модель – көп мақсатты платформа саналады.
Y-8F-200 WA моделі 23 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады, ұшу қашықтығы – 3440 км. Сонымен қатар ол 96 әскери қызметкерді немесе 82 десантшіні тасымалдауға қауқарлы. Жоғарыда орналасқан қанаттары мен мықты шассиі оның күрделі жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл ұшақ Қазақстанның инфрақұрылымы шектеулі кең аумақтарында тиімді қолдануға қолайлы.