"Шыға алмай қалған". Сорбұлақта жоғалған тікұшақ ұшқышының әйелі үндеу жасады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы облысында із-түзсіз жоғалған тікұшатың ұшқышының әйелі әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТАБЫЛМАҒАН ТІКҰШАҚ

Жазбаны журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады

- Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды. Қосылғанымызға небәрі 8 ай. Тікұшақта екі ұшқыш белдігін байлап отырады, шыға алмай қалған ғой. Әйтпесе, секіріп аман қалар ма еді?, - деп көз жасын тыя алмаған жас келіншек.

Нұрай мен Аман өткен жыл соңында үйленген. Ұшқыш жігіт музыкант қызды құда түсіп, қолдан алды. Ыстық-суығы басылмаған жас отбасының жақындарында 5 күннен бері маза жоқ.

- Тікұшақ құс емес, ұшты-күйлі әскери әуе көлігі қайда ғайып болуы мүмкін? Радардан Отар жақта жоғалған көліктің 200 шақырым қашықтан сынықтары табылуы қалай? Тікұшақ жайлы ресми деректен гөрі алып-қашпа әңгіме көп. Күн өткен сайын құтқару жұмыстарын көріп, пилоттың жары мен туыстарының дегбірі таусылуда. Сорбұлақтың жанынан тікұшақ қирандылары табылды. Аты айтып тұрғандай бұл көлдің түбі сор, көшпелі лай. Су түбінен жылжиды. Алматының кәріз суы, қалдық, қоқыс қосылып құйылатын көл болғандықтан дронның өзі еш нәрсе көріп байқар емес. Су қоймасының түбі жылжымалы батпақ. Сорбұлақ 66 шақырымға созылып жатыр, тереңдігі 22 метр. 3 экипаж мүшесі бар әскери тікұшақтың әуеден жоғалғанына бүгін 5-ші күн, – делінген жазбада.

ТІКҰШАҚТЫҢ ЖОҒАЛУЫ

Еске салайық, 25 шілдеде Алматы облысында әскери тікұшақ әуеде жоғалып кетті. Тікұшақтың ішінде үш экипаж мүшесі отырған. Ал 28 шілдеде жоғалып кеткен әскери тікұшақтың қалдықтары табылды.