Қазақстанда педофилдерге түрмеде кастрация жасалуы мүмкін

Ulysmedia
Фото: m.yk-news.kz

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«Ашық НҚА» порталында жарияланған бұйрық жобасына қарағанда, қылмыстық жауапкершілікке тартылған педофилдерге химиялық кастрация түрмеден босатылмай тұрып қолданылады.

Жаңа түзетулер сот-психиатриялық сараптама жүргізу және оны тағайындау мерзімдерін реттеуге бағытталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрық жобасына сәйкес, түзеу мекемелерінің әкімшілігі сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін материалдарды сотқа сотталушының жазасын өтеу мерзімі аяқталуына кемінде 12 ай қалғанда жолдауы тиіс. Бұл сараптама сотталушыда «педофилия» диагнозының бар-жоғын және жыныстық зорлыққа бейімділігін анықтайды.

Егер сараптама қауіптің бар екенін көрсетсе, сот химиялық кастрацияны тағайындай алады. Бұл шара бостандыққа шығуға алты ай қалғанда қолданылуы мүмкін. Процедура арнайы препараттарды үнемі егу арқылы жүргізіледі және тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылады.

Бұйрық жобасы 18 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.

ХИМИЯЛЫҚ КАСТРАЦИЯ ДЕГЕН НЕ

Химиялық кастрация — бұл Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 91-бабы 1-тармағының 3) және 5) тармақшаларына сәйкес қарастырылған мәжбүрлі медициналық шара. Ол 18 жастан асқан, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғушылық жасағаны үшін сотталған және ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдарға қолданылады.

Процедура барысында тестостеронның бөлінуін тежейтін препараттар енгізіледі, бұл жыныстық құмарлықты азайтады. Қазір мұндай шара тек сот шешімімен және жыныстық ауытқушылығы анықталған тұлғаларға ғана қолданылады.