Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 10,25% деңгейіне көтерді

Ulysmedia

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 10,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 11,25%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 9,25% болады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Шешім инфляциялық күтулерді төмендету және инфляцияның 2022 жылдың соңына қарай белгіленген 4-6% нысаналы дәлізге кіру қажеттілігі ескеріле отырып қабылданған. Әлем экономикаларының көпшілігінде, оның ішінде Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдерінде инфляцияның жоғары деңгейде болуы жалғасуда. Соңғы айларда дезинфляциялық процестердің болуына қарамастан, ішкі конъюнктура сұраныс тарапынан, сол сияқты ұсыныс тарапынан да инфляцияға қарсы елеулі тәуекелдердің болуымен сипатталады.

«Әлемдегі ең ірі экономикалардағы және негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция әлі де жоғары деңгейде. АҚШ-та инфляция 1982 жылдан бастап алғаш рет 7,0%-ға дейін көтерілді. 2021 жылғы желтоқсанда ЕО-да тұтынушылық инфляция 5,3%-ға дейін, Германияда –
1992 жылдан бастап алғаш рет 5,7%-ға дейін өсті. Қытайда бағаның өсуі 2021 жылғы қарашада 15 айлық ең жоғарғы көрсеткішке жетті (2,3%), содан кейін 2021 жылғы желтоқсанда 1,5%-ға дейін төмендеді. Ресейде инфляция 2021 жылғы желтоқсанда бұрынғы жоғары – 8,4% деңгейінде қалды», - делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Әлемдік азық-түлік нарығында баға өсуінің аздап баяулауы байқалады. ФАО азық-түлік бағалары индексі 2021 жылғы желтоқсанда алдыңғы аймен салыстырғанда (қарашадағы өсу – 1,3%) сүт өнімдерін қоспағанда, азық-түлік тауарларының барлық шағын топтарына бағалардың төмендеуі нәтижесінде 0,9%-ға төмендеді. Бұл ретте жылдық көрсетуде индекстің өсуі 23,1% (қарашадағы жылдық өсу – 27,8%) болды. Ұлттық Банктің бағалауына сәйкес,
2022 жылғы 1-жарты жылдықта азық-түлік нарықтарындағы белгісіздік және Солтүстік жарты шарда бидай түсімінің әлсіз болуы аясында әлемдік азық-түлік нарығының жекелеген сегменттерінде бағаның өсуі күтіледі, кейіннен COVID-19 жағдайы тұрақталып, жаңа ауылшаруашылық маусымының басталуына қарай өсу қарқыны біртіндеп бәсеңдейді.

Қазақстанда 2021 жылғы желтоқсанда жылдық инфляция 8,4%-ға дейін төмендеген. Инфляцияға қарсы ден қою шараларын іске асыру жағдайында бағаның айлық өсу қарқыны 2021 жылғы қараша-желтоқсанда орташа деңгейден төмен болды.

Азық-түлік инфляциясы 2021 жылғы желтоқсанда елеулі түрде төмендеп, жылдық көрсетуде 9,9% болды. Бұл инфляцияға қарсы ден қою шараларын іске асыруға және жекелеген азық-түлік тауарларына жоғары айлық мәндердің жылдық инфляция есебінен шығуына байланысты. Сүт өнімдерінің, жұмыртқа, май, қант пен көкөністердің жылдық дезинфляциясы байқалып отыр. Осыған қарамастан, жеміс-көкөніс өнімі құнының жылдық өсу қарқыны әлі де жоғары деңгейде болып отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жылдық көрсетуде қызылша бағасы 73%-ға, қырыққабат – 37,5%-ға, сәбіз – 29,5%-ға, картоп – 20,2%-ға өсті. Ет, нан-тоқаш өнімдері мен жармалар, сондай-ақ алкогольсіз сусындардың жылдық инфляциясының жылдамдауы байқалады.