ҰҚК шекара қызметінің бұрынғы төрағасы Ділманов бостандыққа шықты

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

«Билігін асыра пайдаланды» деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылған ҰҚК шекара қызметінің экс-төрағасы Дархан Ділманов бостандыққа шықты. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар дереккөзіне сүйеніп "Курсив" басылымы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Мән-жай

Дархан Ділманов 2014 жылдың қазан айынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін басқарған. 2022 жылдың маусымында оның қамауға алынғаны туралы белгілі болды. 2023 жылдың желтоқсанында Ділманов «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды» деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол генерал-лейтенант әскери шенінен, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінен, «ҚР ҰҚК ардагері» құрметті атағынан айырылды.Мемлекеттік қызметте істеуге де тыйым салынды.

Бұл іс бойынша Ділмановпен бірге басқа да бірнеше лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Оларға айыппұл, бас бостандығынан айыру немесе шектеу сияқты әртүрлі жаза түрлері қолданылды.

Қылмыстық істің қозғалуының басты себебі — Қазақстан мен Қытай шекарасындағы шекаралық өткізу бекеттерінде анықталған заңсыз схема.

Ділманов 2022 жылы сәуірде ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры қызметінен босатылған еді. Ол 1998 жылдан бері ҰҚК шекара қызметіне жұмыс істеп, 2015 жылы маусымда шекара қызметіне директор болып тағайындалған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде контрабанда мен жемқорлық мәселесіне назар аударып, оны жоюды тапсырды. Осыдан соң елде Қытаймен шекарадағы кедендерге қатысты тексеріс басталған.