Құрылысқа дайындық. Үлкен ауылында Ресейде салынған АЭС-тің макеті көрсетілді

Ulysmedia
Фото: Курсив

Атом электр станциясы салынады делінген Алматы облысындағы Үлкен ауылында Ресейде салынған АЭС-тің макеті көрсетілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Алматы облысының Жамбыл ауданында алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастауға байланысты шараға дайындық жүріп жатыр.

Tengrinews сайтының жазуынша, журналистерге Үлкенде салынатын АЭС-ке пара-пар атом электр станциясының макеті көрсетілген. Макенттегі станция Ресейдің Нововоронеж АЭС-інің 6 энергоблогы. Бұл блок 2016 жылы іске қосылған. Оны «Росатом» компаниясы салған.

Құрылыс жұмыстарын бастау шарасында топырақ үлгісі алынып, арнайы капсулаға салынып, арнайы сараптама жүргізу үшін Ресей тарапына беріледі.

– Бүгін өткен салтанатты шара Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салуға дайындықтың маңызды бөлігі болып саналатын инженерлік-іздестіру жұмыстарының басталғанын білдіреді. Бұл кезең тек станцияның орналасатын нақты орны мен конфигурациясын анықтау үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл жобаның қауіпсіздігі, сенімділігі және экономикалық тиімділігі үшін де аса маңызды, – деді Алмасадам Сәтқалиев салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.

Бұған дейін  Сәтқалиев алғашқы атом электр станциясының құрылысы жеті жылға созылуы мүмкін деген.

Құрылысқа кем дегенде 14 миллиард доллар жұмсалуы мүмкін. Алғашқы АЭС құрылысы бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы.

АЭС-ке қарсылық 

Былтыр Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқы өткен кезде бірқатар экологтар мен азаматтық қоғам өкілдері қарсы шықты. Олар Совет заманында ядролық сынақ өткен Семей полигоны мен Чернобль АЭС-індегі апатты мысалға келтіріп, АЭС салынады деген Балқаш көлінің алдағы тағдырына алаңдаған.

АЭС салуға байланысты референдум қарсаңында Алматыда ондаған белсенді ұсталды. Олардың кейбірінің үстінен «қылмысқа оқталды», «жаппай митинг ұйымдастырмақ болды» деген айыппен қылмыстық іс те қозғалған. Қазір Алматыда 8 айдан бері қамауда отырған 5 адамның соты өтіп жатыр. Белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Олар істің саяси астары бар деп есептейді.

Референдум

6 қазанда Қазақстанда АЭС салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Бірақ референдумға «станцияны қай елдің компаниясы салғанын қалайсыз?» деген сауал шығарылған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Ulysmedia АЭС құрылысына байланысты арнайы репортаж дайындаған.