Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: үшінші ұшқыштың денесі табылды

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Сорбұлаққа құлаған тікұшақ бортында болған үшінші адамның денесі табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, Аман Амангелдінің денесі су астынан табылған.

«12 тамыз күні экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Контекст

25 шілдеде қорғаныс министрлігіне тиесілі ЕС-145 әскери тікұшағы Алматы облысында із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Кейінірек тікұшақ бөлшектері Сорбұлақ су қоймасы аумағынан табылған. Ұшақ бортында Бақтияр Ержігітов, Нұржігіт Үсенбаев және Аман Амангелді болған.

9 тамызда 14 метр тереңдіктен Нұржігіт Үсенбаевтың денесі табылған. Бір күннен кейін, 10 тамызда Бақтияр Ержігітовтің денесі де су қоймасынан табылған. 

Нұржігіт Үсенбаевты 10 тамызда Түркістан облысындағы Сұлтанрабат ауылындағы бейітке жерлеген. Ал Бақтияр Ержігітовті 11 тамызда Павлодар облысында жер қойнына тапсырған.