Еуроодақ елдерінің көшбасшылары Украина өз болашағын өзі анықтауы керек екендігін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Еуропалық Одаққа мүше 26 елдің басшылары Украинадағы соғысқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасады. Мәлімдемені Венгрия қолдамады.
«Украина халқы өз болашағы туралы шешім қабылдау еркіндігіне ие болуы керек. Бейбітшілікке апарар жол Украинаның қатысуынсыз айқындалмауы тиіс. Маңызды келіссөздер тек атысты тоқтату немесе соғыс әрекеттерінің қарқыны азайған жағдайда ғана жүргізілуі қажет», – делінген мәлімдемеде.
Еуропалық Одақ елдерінің көшбасшылары Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған АҚШ президенті Дональд Трамптың күш-жігерін оң бағалап, бұл қадамдарды құптайтындарын мәлімдеді. Алайда олар соғыстың аяқталуы халықаралық құқыққа сай болуы тиіс екенін ескертті.
DW хабарлауынша, ЕО басшылары қолдаған бірлескен құжатта:
«Тұрақтылық пен қауіпсіздікке жол ашатын әділетті әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік халықаралық құқық негізінде құрылуы тиіс. Бұл – мемлекеттердің тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы және халықаралық шекараларды күшпен өзгертпеу қағидаттарын құрметтеуді білдіреді», – делінген.
Еуроодақ өз мәлімдемесінде Украинаға саяси, қаржылық, экономикалық, гуманитарлық, әскери және дипломатиялық қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді. Бұл көмек "Украина өзіне тиесілі өзін-өзі қорғау құқығын" пайдаланып отырған кезде жалғасатын болады.
Сонымен қатар, құжатта Батыс елдері Ресейге қарсы қазіргі санкцияларды сақтап, қажет болған жағдайда жаңа шектеулер енгізуге дайын екені айтылған.
Контекст
Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин кездесуі қарсаңында жарияланып отыр. Бұған дейін екі ел басшылары 15 тамызда Альяскада кездесетіні туралы айтылған. Бұл кездесуге Украина президенті Владимир Зеленский қатыспайды.