«Берденовке қастандық ісі»: Жиембайға тәртіптік шара қолданылмаған

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Шымкент әкімінің орынбасары Рулан Берденовке «қастандық жасау» ісі бойынша сот процесінде куәлерден жауап алу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Сотта Шымкент қалалық құрылыс басқармасы құрылыс нысандарын мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков оқиға болған күні күдікті Ернар Жиембаймен телефонмен сөйлескенін айтты.

«Басқарма басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев деген кісі бар. Сол кісі маған кабинетіне шақырып айтты: «Ернар Жиембай өз еркімен жұмыстан кету бойынша өтінішін жазып беруі керек екен. Соны Ернардан хабарласып білші» деді. Жарайды деп, Ернар Жиембайға звондадым. «Жұмыстан кету бойынша өтініш жазып беремін деген екенсіз. Соны не істедіңіз?» дедім. «Маған бір ай уақыт берген еді ғой. Болды, түсіндім» деді. Болды, телефон қойды», – деді ол.

Жиембайға бұрын тәртіптік шара қолданылмаған

Кенжебеков Жиембайдың не себепті арыз жазу керектітігін білмедім дейді. Сөзінше, Ернар Жиембайға қатысты жұмысы бойынша бұрын тәртіптік шара қолданылмаған. Берденовпен де бас араздығы туралы естімеген.

Судья Абинұр Қарабаев Аманғали Кенжебековтен: «Берденов Жиембайды өз бетінше жұмыстан босата ала ма? Ұсыныс бере ала ма?» деп сұрады. Ол қала әкімінің орынбасары жұмыстан босата алмайтынын айтты. «Ұсыныс бере ала ма, жоқ па білмеймін» деді.

Берденовтің көмекшісінің жауабы

Бүгінгі сот отырысында Руслан Берденовтің көмекшісі Талап Рахымбердиевтен де жауап алынды. Ол оқиға болған күні Берденов Жиембайдың арыз жазған жазбағанын білуді сұраған. Берденов кешке әріптестерімен қоштасып шыққан. Көп ұзамай оны атып кетті деген хабар естіген.

«Берденов мырзаның қиналып жатқан дауысы шығып жатты. Қансырап жатты», – деді ол.

Рахымбердиевтің сөзінше, Рслан Берденов Ернар Жиембаймен жұмыс бабымен бір рет кездескен. Берденов қызметке келгенде өзі басқаратын мекемелердің жұмысымен жеке-жеке танысқан. Сол уақытта Жиембай да өз жұмысын таныстыруға келген. Бірақ дайын болмаған. 

Осыдан кейін Жиембаев Рахымбердиевке 14 ақпанда телефонмен хабарласып, Берденовпен кездескісі келген. “Руланға берші телефонды”, “Үйіне кетті ме, үйіне барамын онда” деген. Рахымбердиев Ернар Жиембай дөрекі сөйлеген соң, ол ішіп алды ма деп ойладым деді. 

– Ішіп алған сияқты болды. Қайта хабарласқанда телефонын көтермеді, – деді ол сотта. 

Контекст

Бұған дейінгі сот отырысында Ернар Жиембаев Берденовпен арада болған кикілжіңге қызғаныш себеп болғанын айтқан. Ол “Берденов әйеліме смс жолдап, суреттеріне лайк басты”, өзіме балағат сөздер айтып, қорлады деген. 

 – Ол [Берденов] “әйелің жезөкше, жәләп болады. Балаң жетім болады” деген сөздер [айтты]. Одан кейін жеке басыма қатысты, “шашың неге түсіп қалған? Мұрын боқ, менімен төбелескің келіп тұр ма? Әйеліңе ..... тұрмайды” деген сөз менің жүйке жүйемді үзді деп айтсам болады, – деген Жиенбай сотта берген жауабында.

21 сәуірде Шымкент қалалық әкімдігінің алдында Руслан Берденовке оқ атылғаны жөнінде ақпарат тараған. Кейіннен оқ атқан «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембай екені айтылған.

Ернар Жиембайдың үстінен «Адам өлтіруге оқталу» және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» баптары бойынша іс қозғалған. Негізгі сот талқылауы 6 тамызда басталған. Сотқа Руслан Берденов қатысып жатқан жоқ. Адвокаттары оның ем қабылдап жатқанын айтқан.