18 тамызда Ақ үйде алдымен Зеленский мен Трамптың екіжақты келіссөздері өтті, кейін ЕО өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген форматтағы кездесу болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Украина президентінің жаңа образы
Украина басшысы Владимир Зеленский Вашингтонда өзгеше бейнесімен көзге түсті. Оның Х әлеуметтік желісіндегі аккаунтында жарияланған видеода Украина президенті қара түсті пиджак, жейде және оған үйлескен шалбар киіп шыққанын байқауға болады.
Мұндай стилі соғыс басталғаннан кейін қоғамдық шараларда жиі киіп жүрген әскери формасынан айтарлықтай ерекшеленеді.
Владимир Зеленский қауіпсіздік қамтамасыз етілсе, президенттік сайлау өткізуге дайын екенін айтты, ал Дональд Трамп Украинаға көмек беруге уәде етті
Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің президенттік сайлау өткізуге дайын екенін атап өтті. Алайда оның сөзінше, басты шарт – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бейбіт келісімге қол қою болып қала береді.
- Біз президент сайлауын өткізуге дайынбыз. Бізге қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Бізге бейбіт келісім қажет, – деді Зеленский.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл жағдайға қатысты пікірінде Украинаны қолдауға ниетті екенін айтып, бұл ретте Еуропаның негізгі рөлін ерекше атап өтті.
Трамп Украинасының НАТО-ға кіру идеясын жоққа шығарды
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі Владимир Зеленскиймен кездесуінде Украина НАТО-ға мүше болу мәселесі жабық екенін атап өтті. Оның сөзінше, Киевтің альянсқа кіруіне жол берілмейтіні жөніндегі талқылаулар Владимир Путин билікке келмей тұрып-ақ болған. НАТО-ға интеграцияның орнына Трамп Украинаға «өте жақсы қорғаныс» пен қауіпсіздік кепілдігін беруге уәде етті. Ол қару-жарақ жеткізуді альянс елдері қаржыландыратынын, ал АҚШ стратегиялық қолдау көрсететінін айтты.
Зеленскийдің ұстанымы
Өз кезегінде Украина президенті Киев үшін барлық мүмкін кепілдіктер маңызды екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Украинаға мықты әскер, заманауи қару-жарақ, барлау деректері және одақтастардың қолдауы қажет.
- Бізге Америка Құрама Штаттары мен еуропалық серіктестеріміз қажет, – деп атап өтті Зеленский.
Ең үздік кездесу
Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамппен 18 тамызда Ақ үйде өткен кездесуін «барлық уақыттағы ең үздік кездесу» деп атады.
- Менің ойымша, бізде өте жақсы әңгіме өрбіді, шынында ең үздік әңгіме десе де болады. Кешіріңіздер, бәлкім ең үздігі алда болар, бірақ бұл өте жақсы әңгіме болды, – деді Украина басшысы.
Ол келіссөздерде қауіпсіздік кепілдіктері сияқты маңызды мәселелер, сондай-ақ тұтқындармен алмасу мен бейбіт тұрғындарды босату секілді гуманитарлық бағыттар талқыланғанын атап өтті.
Кездесудің маңызды тұстары
Зеленский АҚШ-тың бірінші ханымы Меланья Трампқа Ресей ұрлап әкеткен украиналық балалардың тағдырына қатысты жолдаған хаты үшін бөлек алғыс айтты. Украина президенті әңгіме барысында Трампқа майдандағы жағдайдың егжей-тегжейі көрсетілген карта ұсынғанын хабарлады.
Үшжақты келіссөздер
Зеленскийдің айтуынша, аумақтар мен өзге де сезімтал мәселелер Украина, АҚШ және Ресей қатысатын жеке кездесуде қаралмақ. Бұл кездесуді Дональд Трамп бастамашы болмақ.
Бұған дейін
Еске салайық, бұған дейін Трамп Зеленский мен Путиннің кездесуіне дайындала бастағанын хабарлаған едік.