Энергетика министрлігі ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында сұйытылған мұнай газын (СМГ) тасымалдау тарифін есептеуді қайта қарауда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Аталған мәселе Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Жиынға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Табиғи монополияларды реттеу комитеті, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және Қазақстан жанармай қауымдастығының
өкілдері қатысты.
Кеңесте жыл басынан бері көлік қызметінің тарифтері үшінші рет едәуір өскендігі айтылып, оның сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы бағасына әсері талқыланды. Нақты айтқанда, 1-маусымнан бастап теміржолдағы локомотивтік тарту қызметінің тарифі көтерілген. Сәйкесінше бұл – газдың әр литрінің өзіндік құнының артуына себеп болды.
Жиында Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов логистикалық тізбектегі баға теңгерімін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
– Логистикалық тізбектегі баға теңгерімін сақтау — нарықтың тұрақты және болжамды жұмыс істеуінің басты шарты. Бұл үшін барлық қатысушыларға түсінікті әрі ашық ереже әзірленуі қажет. Ол бизнес пен тұтынушылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді, - деді ол.
Кеңес қорытындысы бойынша мүдделі тараптар: тарифтерді алдын ала талдау үшін мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимылды жолға қоюға, бөлшек бағада көлік шығындарын есепке алудың ашық механизмін әзірлеуге және тарифтік саясатқа бақылауды күшейтуге уағдаласты.