Енді қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапқа тарту туралы заң күшіне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзімділік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық кодекске некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық көзделген жаңа 125-1-бабы енгізілді.

Бұл заңға президент 16 шілдеде қол қойды. Осы Заңқылмыстық заңнаманы оңтайландыру шеңберінде қабылданды.

«Неке және отбасы туралы» Кодекстің 25-бабының 1-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес, мәжбүрлеу арқылы қиылған неке жарамсыз деп танылады. Неке – бұл ерікті одақ, ол тек екі жақтың өзара келісімімен ғана жасалуы тиіс, делінген прокуратура хабарламасында.

Мәжбүрлеу, әсіресе қысым, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық көрсету – бұл адамның негізгі құқықтарын бұзу болып табылады.

ШЕТ ЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ

Көптеген елде мұндай әрекет ауыр қылмыс ретінде қарастырылады, себебі мәжбүрлі некеге оқшаулау, еркіндікті шектеу, зорлық-зомбылық және кейбір жағдайларда құрбандардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерімен қатар жүруі мүмкін.

Бірқатар елдерде мұндай неке адам саудасының бір түрі ретінде танылады.

СТАТИСТИКА

Соңғы 5 жылда Қазақстанда осындай 257 қылмыстық іс тіркелді, олардың 95%-ы тоқтатылды.

ЖАЗА

Жаңа заңнамаға сәйкес, қорқыту, бопсалау, күш қолдану немесе басқа да қысым көрсету арқылы некеге мәжбүрлеу үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, ал егер ауыр зардаптар болса – 10 жылға дейін.

Сондай-ақ ҚК-нің 125-бабына өзгерістер енгізіліп, жәбірленушіні ерікті түрде босату жағдайында істі тоқтатуға жол берілмейді. Енді мәжбүрлі некеге тұру мақсатында әйелді ұрлау Қылмыстық кодекстің 125 және 125-1-баптарының жиынтығы бойынша сараланады.