АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Зеленскиймен келіссөздерден кейінгі күні Fox News телеарнасына сұхбат беріп, бірқатар мәлімдеме жасады. Бұл сөздері баспасөздің назарын аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Украин және ресейлік БАҚ оның сөздерінен үзінділер таратты. «Страна» басылымының дерегінше, Трамп Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің кездесуіне қатысты пікір білдірді.
– Олардың кездескені дұрыс. Әрине, олардың қарым-қатынасы оңай емес, тіл табысу да қиын болды. Кеше мен президент Путинмен сөйлестім, бізде қарым-қатынас жақсы орнаған. Бірақ бұл белгілі бір нәтижеге қол жеткізген жағдайда ғана маңызды. Ал егер ештеңеге қол жеткізілмесе – маған бәрібір, – деді америкалық президент.
Трамп сондай-ақ Ресей басшысының конструктивті қадамдарына үміт артатынын айтты.
– Мен Путиннің дұрыс әрекет ететініне сенемін, әйткен жағдайда бәрі қиын болуы мүмкін. Сондай-ақ Зеленский де икемделіп, қажетті қадамдар жасайды деп күтемін, – деді ол.
Басылым Трамптың тағы бір мәлімдемесін келтірді: оның пікірінше, Қырымды Украинаға қайтару және Киевтің НАТО-ға кіру мәселесі жүзеге аспайды. Президент сонымен қатар өзінің билікте болған уақытында америкалық әскер Украинаға жіберілмейтінін баса айтты.
Одан бөлек, Трамптың сөзінше, Франция, Ұлыбритания және Германия Украинаға өз контингентін енгізу мүмкіндігін қарастыруда және бұл «Ресеймен қарым-қатынаста қиындық тудырмайды».
ПУТИН МЕН ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ КЕЗДЕСУІ
Бұған дейін Владимир Путин мен Владимир Зеленский Венгрияда кездесуі мүмкін екенін хабарлаған едік.