Алматылық судья процесс кезінде "біртүрлі" қимыл жасаған

Сырым Қаржас
Видео кадры

Алматы соттары судья Бақытжан Бәкірбаевтың сот отырысы кезіндегі "біртүрлі" әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл жайт туралы Threads қолданушысы жазды. 

- Қазақстандық судьялар. Бірінші суретте Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бакирбаев Б. айыпталушы Ольга Шмаковаға ишара жасап, оны түрмеге жаппайтынын білдіріп тұр, делінген жазбада. 

СОТ НЕ ДЕП ТҮСІНДІРДІ

Бұл жайтқа қатысты Алматы соттары пікір білдірді. Оқиға 2024 жылы Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында резонансты қылмыстық іс бойынша үш айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қаралып жатқанда болған.

Сот отырысы барысында процеске қатысушылардың бірі залдан шығып кетуге әрекет жасаған. Судья мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін білдірді, себебі дәл сол сәтте бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне өзгерту мәселесі қаралып жатқан болатын.

- Аталған қимыл тек сот тәртібін сақтау мен процестің дұрыс өтуін қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша сот айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданудан бас тартты. Қылмыстық істің мәні бойынша сот ақтау үкімін шығарды. Бұл үкім жоғары тұрған сотпен өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді, делінген жауапта. 

Айта кету керек, іс қарау барысында судьяның сот отырысындағы әрекеттеріне қатысты шағымдар түскен. Аталған шағымдарды қарау нәтижесінде Судьялық әдеп жөніндегі комиссия судьяның кейбір әрекеттеріне қоғамдық сөгіс жариялады.