Темірлан Еңсебектің ісі Жоғарғы сотқа жолданады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Азаматтық белсенді, сатиралық Qaznews24 агенттігінің негізін қалаушы Темірлан Енсебекке қатысты қылмыстық іс кассациялық инстанцияда қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Адвокаттың түсіндірмесі

Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісіне сотталған сатирашының мүддесін қорғаушы адвокат Жанар Балғабаева мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір Жоғарғы сотқа кассациялық шағым әзірленіп жатыр.

– Шілде айынан бастап кассация жаңа форматта жұмыс істей бастады. Халық көп күтті, сондықтан шағымдар легі тым үлкен болды. Сол себепті кассациялық алқа кез келген негізбен істерді "шетке ысырып", өздерін жеңілдетуге тырысады. Біз бұл ағымға ілікпеуді жөн көрдік. Қазір кассациялық шағымды дайындап жатырмыз. Ол ресми түрде берілгеннен кейін ғана қорғауымдағы азаматпен талқылауға дайын боламыз. Қазір күтіп отырмыз, – деді адвокат.

Сенім бар

Жанар Балғабаева соттың соңғы инстанциясы әділ шешім шығарады деген сенім білдірді.

– Кассациялық сот істерді мұқият қарайды, дұрыс шешімдер қабылдайды. Біз Еңсебекке қатысты үкімнің күшін жоятынына сенімдіміз, – деді ол.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Темірлан Еңсебектің үстінен «араздықты қоздыру» бабы бойынша қозғалған іске Qaznews24 паблигінде жарияланған пост себеп болған. Онда автор «Йоу, орыстар» деген әнді пайдаланған. Дөрекі сөздер бар даулы ән әлеуметтік желіде әр жерде жарияланып жүргеніне бір жылдан асқан, бұрын Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған. Бұл ән ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда «орыс тілі кемсіту көріп жатқаны» жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде шыққан.

СОТ ҮКІМІ

11 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Темірлан Еңсебекті кінәлі деп танып, бес жылға бостандығын шектеген.