Қазақстанда 4 мың шетелдік азамат басшылық қызмет атқарады

Ulysmedia

Бүгінгі таңда елде 15 мыңға жуық шетелдік азамат Қазақстанда еңбек қызметін атқаруда, деп хабарлайды ulysmedia.kz порталы.

Фото: Ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 14 932 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында еңбек етіп жатқанын хабарлайды.

«Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 635 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 206 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 827 адам және 745 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 408 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 2 057 адам тартылған», - делінген министрліктің хабарламасында.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 779 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 458 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрайды. Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 3 738 адам, Түркия – 1 979 адам, Үндістан – 1 228 адам, Ұлыбритания – 1 019 адам, Өзбекстан – 427 адам.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.