Қазақстанда ресейлік әртістердің гастроліне қатысты дау күшейіп келеді. Әлеуметтік желі қолданушылары Астанада өтетін Полина Гагаринаның және Алматыдағы Филипп Киркоровтың концертін тоқтатуды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЕЛІДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ
Полина Гагаринаның концерті 27 қарашада Астана Конгресс-орталығында өтеді деп жоспарланған. Алайда әлеуметтік желілерде іс-шараны болдырмау жөнінде үндеулер белсенді таралып жатыр. Негізгі уәж – әртістің Ресейдегі насихаттық акцияларға қатысуы және соғысты ашық қолдауы.
Еске салайық, 2023 жылы Алматыда өтеді деп жоспарланған оның концерті де қоғамдық наразылықтан кейін өтпей қалған. Сол кезде билеттер сатылымнан алынып, афишалар жойылып, ұйымдастырушылар түсінік беруден бас тартқан.
КИРКОРОВ ТА СЫНҒА ІЛІКТІ
Алматыда 29 тамызда өтуге тиіс Филипп Киркоровтың концерті де дәл осындай себептермен тоқтатылсын деген ұсыныстар айтылып жатыр. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар соғысты қолдаған әртістердің жергілікті сахнада өнер көрсетуіне қарсылық білдіріп жатыр.
Гагарина мен Киркоровқа қатысты бұл жағдай алғашқы оқиға емес. Бұған дейін де әлеуметтік желідегі ұқсас науқандардың нәтижесінде бірнеше ресейлік әртістің гастролі Қазақстанда тоқтатылған еді.
Айта кетейік, 2022 жылғы қарашада Киркоров соғысты ашық қолдап, украин халқын өлтіргендерді “қаһарман” атағанына қарамастан, Астана мен Алматыда толық зал жинап концерт өткізген еді.