АҚШ Қостанай облысында сирек жер металдарын барлауды бастайды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Ақбұлақ аумағында сирек жер металдарын барлау жұмыстарын қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» компаниясы мен америкалық инвестициялық компания Cove Capital бірлесіп жүргізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бірлескен жоба

«Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметі ТАСС-қа берген мәліметінде екі компанияның барлау жұмыстарын бірге атқаратынын жеткізді.

- Алдын ала деректерге сәйкес, жоба айтарлықтай геологиялық әлеуетке ие. Нақты мәліметтер барлық зерттеулер аяқталғаннан кейін ұсынылады. Қазіргі таңда басты басымдық – жан-жақты дайындық шараларын жүргізу. Оның ішінде бар геологиялық деректерді талдау, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді бағалау және ұйымдастырушылық-құқықтық рәсімдерді аяқтау бар. Бұл алдын ала қадамдар жобаның табысты жүзеге асуына негіз қалайды. Далалық геологиялық барлау жұмыстары биылғы маусым аясында басталады деп күтіледі, – деп түсіндірді қордың баспасөз қызметі.

Қазақстандағы барлау жұмыстары

Бұған дейін Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі ел аумағында сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстары 25 учаскеде жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Жалпы көлемі – 100 мың шаршы шақырым.

2024 жылы республикада қатты пайдалы қазбалардың 38 перспективалы учаскесі ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений, осмий өндіріледі. Сонымен қатар, қосалқы жолмен висмут, сүрме, селен және теллур алынады. Бұдан бөлек, елде галлий мен индий өндіру технологиялары бар.