Қандастар қай аймақтарға қоныстанғаны белгілі болды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастар туралы дерек жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қанша қазақ Отанына оралды?

Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері Қазақстанға 8 051 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды.

1991 жылдан бері елге қайта оралған қазақтардың жалпы саны 1 миллион 156,1 мың адамға жеткен.

Қай елдерден келді?

Қандастардың басым бөлігі Азия елдерінен көшіп келуде:

Өзбекстаннан – 44,2 пайыз;

Қытайдан – 43,2 пайыз;

Түрікменстаннан – 5 пайыз;

Моңғолиядан – 2,7 пайыз;

Ресейден – 2,4 пайыз;

басқа мемлекеттерден – 2,5 пайыз.

Қандай үлесі еңбекке жарамды?

Ресми дерек бойынша, қоныс аударған этникалық қазақтардың 59,1 пайызы еңбек етуге қабілетті. Олардың жартысынан көбі жалпы орта білім алған.

Қандастардың еңбекке қабілетті тобының білім деңгейі мынадай:

жоғары білім – 15,7 пайыз;

арнаулы орта білім – 28,1 пайыз;

жалпы орта білім – 53,5 пайыз;

білімі жоқтар – 2,7 пайыз.

Сонымен қатар, қоныс аударушылардың 31,8 пайызы – кәмелетке толмағандар, 9,1 пайызы – зейнеткерлер.

Қай өңірлерге қоныстанды?

Көшіп келген қандастар еңбек күші тапшы аймақтарға қоныстандырылды. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.

- 2025 жылға арналған өңірлер бойынша қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбек күші тапшы өңірлерге 1 286 қандас орналастырылды, – делінген министрлік хабарламасында.