Қазыбек Иса азаптау жайлы: Содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр

Ulysmedia

Ақ жол депутаттары мемлекеттік төңкеріс жасаушыларды бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу керек деп есептейді, деп хабарлайды ulysmedia.kz порталы.

Фото: Ашық дереккөзден

Ақжолдықтар қатарынан Қазыбек Иса Бас прокурор мен ҚР Президенті жанындағы Адам құқы жөніндегі уәкілге депутаттық сауал жолдады.

«Талайды көрген тарихымызда 2022 жылғы  қаңтардағы қанды қасірет бүкіл елімізді дүр сілкіндірді. Басында әлеуметтік әділеттіліктер сұрап, бейбіт митингіге шыққан шерушілерді кейін Алматыдан бастап, көптеген қалаларда арнайы дайындалған бүлікшіл топтар пайдаланып кетіп, заңды шерудің арты қанды шеруге айналды. Қаңтардағы қырғында   227 адам қаза тапты. Жалпы 4500-ден астам адам зардап шегіп, 4353 адам түрлі жарақат алған. Мұндай қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қанды қасірет қайта қайталанбауы үшін, Мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі толық анықталып, түгел жауапқа тартылуы тиіс!» - дейді Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, ереуіл кезінде бейбіт шеруге шыққандары үшін ғана көп адам, әсіресе, жастар жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы нақты мәліметтер мен видеолар келуде. Әлеуметтік желілерде де жиі жазылып жатыр.  

«Тек қылмыс жасағандар ғана жауапқа тартылуы тиіс! Бұндай жазықсыз жандарды тұтқындап, азаптау нағыз арандату, мемлекетке, Президенттің саясатына қарсы қасақана жасалып жатқан қастандық деп санаймыз. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір істің әділ тергелуін, тіпті ауырлататын мән-жай болмаса, жазаларын жеңілдету керек деген талап қоюда. Біз заң бұзушылардың есіне Конституцияның 13 бабы бар екенін саламыз. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына және білікті заң көмегін тегін алуға құқығы бар», - дейді ол.

Қазыбек Иса әркімнің әрекетіне әділ баға беру үшін, алдымен лаңкестер мен экстремистерді,  содырлар мен қарақшы-тонаушыларды бір бөлек, ал бейбіт шеруге шығушыларды бір бөлек қарастыру керектігін айтады. 

«Түрлі ақпараттарға қарасақ, қазір содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр... “Ақ жол» партиясы түсіп жатқан арыздарға байланысты осындай талаппен бұған дейін де бірнеше рет Бас прокуратураға хат жазған болатын. Сонымен бірге арыздар көбейгендіктен, Президент жанындағы Адам құқы жөніндегі уәкілдіктің арнайы топтарына жергілікті мәслихат депутаттарын қосуды ұсындық. Айта кету керек, осы уәкілдіктің Азаптаулардың алдын алудың ұлттық тетігі құрамын кеңейту керек. Өйткені, кей өңірлерде 4-5 адамнан артпайды. Бұлар әр қаладағы тұтқында ұстау мекемелерін араласа,  бір адамнан да жетпейді. «Ақ жол» партиясы өздерінің қосатын адамдарының тізімін дайындап қойды. Біз тергеудің әділ әрі ашық өтуін талап етеміз!» - дейді ол.

«Ақ жолдың» ұсыныстары осылайша мынадай болып отыр:

  •  Мемлекеттік төнкеріс жасамақ болғандар толық анықталып, жауапқа тартылуы қажет.
  •  Шабуыл жасаған бүлікшілер мен бейбіт шерушілерді екі бөлек қарастыру керек
  •  Тергеуді заң жолымен әділ өткізу керек: қамаудағыларды азаптауды тоқтатып, адвокаттарға жол ашылуы тиіс. Жаралыларды ауруханаларға жатқызу қажет.
  • Адам құқы мен бостандықтары сақталып, тергеудің әділ де, ашық өтуін тексеру үшін Адам құқы жөніндегі уәкілдігі жанынан комиссиялар құрып, парламент пен  жергілікті мәслихат депутаттарын, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін қосу керек.