«Қолдан жасалған іс пе?» – «Қазарнаулыэкспорт» менеджментіне қатаң жаза кесілді

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Ол әскери техника жеткізу кезінде қаржы жымқырды және пара алды деп танылды. Онымен бірге айыпталушылар қатарында орынбасары және бірнеше ірі кәсіпкерді қоса алғанда 10 адам болды. Барлық айыпталушы мемлекет қаржысын талан-таражға салмағандарын және пара алмағандарын айтып, тағылған айыппен келіспеді. Дегенмен, сот олардың көбіне қатаң жаза тағайындап, ұзақ мерзімге түрмеге қамады. Ulysmedia.kz сот үкімін тыңдап қайтты.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тергеу деректеріне сәйкес, «Қазарнаулыэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Арман Рамазанов пен сол компанияның импорт департаментінің директоры Азат Құдабаев 2022 жылы Қорғаныс министрлігіне жойғыш ұшақтардың тежеу жүйесіне арналған қосалқы бөлшектер жеткізуге тиіс болған.
Алайда бұған дейін бекітілген әскери-техникалық өнім жеткізуші Ресей Федерациясы өз міндеттемесін орындай алмай, шенеуніктер мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаудың өзге жолдарын жедел іздеуге мәжбүр болған.

2023 жылы мәселені «Қазитэк» компаниясы арқылы шешу әрекеті жасалды. Соның нәтижесінде осы компанияның басшылары Рамазанов пен Құдабаевпен бірге айыпталушылар қатарына қосылды.

Соттың тұжырымына сай, компанияның « Қазарнаулыэкспортқа» бұл қосалқы бөлшектерді сатуына құқығы болмаған. Соған қарамастан кәсіпкерлер келісімшартты жалғастырып, жеткізілім жасауға келіскен.

Тергеу мен сот нұсқасы бойынша, кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыстан шеттетілмеу үшін шенеуніктерге пара берген. Мемлекетке келген жалпы шығын тергеу болжамынша 1,6 млрд теңгеден асқан.

АЙЫПТАЛУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

Айыпталушылардың ешқайсысы тағылған айыппен келіскен жоқ. Арман Рамазанов оған пара ретінде телінген қаражаттың әлдеқайда бұрыннан өз шоттарында болғанын айтты. Басқа айыпталушылар да есепшоттарындағы әр теңгенің заңды екенін мәлімдеді.

– Бұл істің бәрі қолдан жасалды. Менің вице-министр болу жолымды кесу үшін ұйымдастырылды, – деді соттағы сөзінде Арман Рамазанов.

Ол мемлекеттік қорғаныс тапсырысындағы бөлшектердің түгел жеткізілгенін, өзін және кәсіпкерлерді не үшін соттап жатқанын түсінбейтінін айтып, тек өз міндетін атқарған Азат Құдабаевтың қандай кінәсі барын сұрады.

ҮКІМ

Дегенмен судья Виктория Семенова барлық айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді деп шешті.

Осылайша, Арман Рамазановқа пара алғаны үшін – 11 жыл, заңсыз кәсіпкерлікке көмектескені үшін – 2 жыл 6 ай жаза тағайындалды. Бірақ Рамазанов орташа қауіпсіздік колониясына 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дәл осындай мерзім 11 жыл – «Қазитэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Азамат Шаймерденовке де кесілді. Ол алаяқтық пен пара беру бойынша айыпталды. Рамазановтағыдай, пара беру ең ауыр қылмыс деп танылып, негізгі жаза ретінде қолданылды.

Азат Құдабаев пен Шаймерденовтің серіктесі Игорь Белоусов 10 жылға сотталды.

Бұл қылмыстық істің басқа қатысушыларына шартты жазадан бастап алты жылға дейінгі мерзім тағайындалды. Сот олардың барлығының мүлкін тәркілеуге және азаматтық әрі қылмыстық істер бойынша барлық міндеттемелер толық өтелгенше мемлекет пайдасына беруге қаулы етті.

КОНТЕКСТ

Еске салсақ, бұған дейін Арман Рамазанов әскери мақсаттағы тауар жеткізу кезінде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген. Рамазанов ұсталғаннан кейін арада жарты жыл өтпей жатып, «Қазарнаулыэкспорттың» міндетін уақытша атқарған Аршат Аяғанов та қамауға алынды. Оған мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында броньды әскери техника жеткізу кезінде қызметтік өкілетін теріс пайдаланды деген айып тағылып, ол шамамен бес жылға сотталды.