Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау аймағында орналасқан 82 жер учаскесін тексеруді өзі бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Алматы облысының прокуратурасы осы мәселеге қатысты ресми жауап жолдаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алғашқы істер сотқа түсті
Прокуратура екі жер учаскесі бойынша заңбұзушылық анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сотқа талап-арыз түсірген.
Сонымен қатар, тағы екі учаске бойынша да сотқа талап-арыз дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Қалған жерлер тексерілуде
Депутаттың сөзінше, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау жолағына кіретін өзге учаскелер бойынша да прокуратура мен уәкілетті органдардың тексерістері жалғасып жатыр.
— Бұл учаскелердің артында аймақтағы ықпалды адамдар тұр. Алайда біз үшін ең бастысы — заңдылық пен әділдікті қорғау, — деді Бақытжан Базарбек.
Мәселе мәжілісте көтерілмек
Депутат 82 учаскенің бәрін жеке бақылауға алғанын атап өтті. Тексеру нәтижелерін Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттық сауал арқылы және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды жоспарлап отыр.