Мәскеу маңындағы Химки қаласында жергілікті тұрғын өзбек таксистін қорлап, ауыр сөздер айтты. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Кадрларда ер адам жүргізушіге: «Сен құлсың, орыстардың құлысың! Аузыңды ашпа. Өзбекстанда ешкім болмағандықтан бізге келдің. Бұл сенің үйің емес, жұмыс істеуге келдің бе, онда жұмыс істе» деп айқайлағаны анық естіледі. Әрі ол бейәдеп сөздер де айтқан.
Таксист жанжалды өршітпей, тыныштық сақтаған. Кейін ер адам көлікке отырып, кетіп қалған. Куәгерлердің айтуынша, жанжал таксист аулаға кіреберісті жауып қалғаннан кейін басталған.
ӨЗБЕКСТАННЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ахрор Бурхонов мәлімдеме жасады. Ол тікелей осы оқиғаға пікір білдірмесе де, Конституцияға сәйкес, Өзбекстан азаматтарының мемлекет қорғауында екенін еске салды.
– Азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда олар полицияға немесе Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктеріне жүгінуі тиіс, – деді ол.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
2022 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істейтін тәжікстандық азамат Азам Мукимов қазақстандықтардың қарым-қатынасы туралы айтқан болатын. Бұған дейін ол Ресейде 12 жыл еңбек еткен.
Мукимовтың айтуынша, үш жыл бұрын оған Ресейде жұмыс істеуге рұқсат берілмей, еліне қайтуға тура келген. Кейін қайта кіруге әрекет жасағанда, оған белгісіз себеппен елге кіруге тыйым салынғаны белгілі болған.
– Қазақстанға мені таныстарым шақырды. Ресейде бізді қорлап, «құл» деп атайтын. Мұнда ондай қарым-қатынас жоқ, – дейді ол.