Әуежайларда қол жүгін тексеруге қатысты жаңа ережелер енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен авиациялық қауіпсіздік ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, еліміздің барлық әуежайы әуе кемесімен тасымалдауға тыйым салынған заттарды сақтау тәжірибесін тоқтатады.
Аталған өзгерістер авиациялық қауіпсіздік жүйесін халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкестендіру, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету процесін оңтайландыру және қауіпсіздік рәсімдерін жеделдету мақсатында қабылданды.
ҚАНДАЙ ЗАТТАРДЫ АЛЫП КІРУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
Естеріңізге саламыз, қол жүгінде көлемі 100 мл-ден асатын сұйықтықтарды, аэрозольдерді және гельдерді, сондай-ақ басқа да қауіпті заттарды алып жүруге тыйым салынады. Бұдан бөлек, авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді де азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға болмайды. Мұндай заттар тексеру барысында алынып, кейін белгіленген тәртіппен жойылады.
Тәркіленген немесе авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін заттарды жолаушылар шығарып салушы азаматтарға қалдыра алады. Қауіпсіздік талаптарымен алдын ала танысу жолаушыларға тыйым салынған заттардың алуға жол бермеуге, сондай-ақ бақылау рәсімдерінен жылдам әрі ыңғайлы өтуге мүмкіндік береді.