Украина президенті Владимир Зеленский Андрей Парубийді өлтірген күдіктінің ұсталғанын хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Зеленскийдің айтуынша, Украина Жоғарғы Радасының бұрынғы спикері Андрей Парубийді өлтірді деген күдіктінің ұсталғаны туралы оған ішкі істер министрі Игорь Клименко мен Украинаның қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюк баяндаған.
– Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Бар мәліметті жариялауды тапсырдым. Жедел әрі үйлесімді жұмысы үшін құқық қорғаушыларға алғыс айтамын. Бұл жантүршігерлік қылмыстың барлық мән-жайы анықталуға тиіс, – деді Зеленский.
ҚАЙДА ҰСТАЛДЫ?
Клименконың нақтылауынша, күдікті Хмельницкий облысында ұсталған. Оның айтуынша, қылмыс алдын ала мұқият жоспарланған: күдікті Парубийдің қозғалысын бақылап, бағытын, қашу жоспарын ойластырған.
– Қылмыстан бір тәулік өткен соң полиция мен Украинаның қауіпсіздік қызметі қылмыскердің ізіне түсіп, 36 сағат ішінде оны ұстады, – деді ол.
Кейін Зеленский бас прокурор Руслан Кравченко күдіктінің алғашқы жауабы туралы баяндағанын айтты.
КОНТЕКСТ
Журналист Виталий Глаголаның мәліметінше, шабуылды Glovo сервисінің курьер сөмкесін асынған электровелосипед мінген ер адам жасаған. Ол шамамен сегіз рет оқ атқан, тапаншаны сөмкесіне жасырып, қашып кеткен.
Кейін Украина президенті Владимир Зеленский бұл қылмыс мұқият ұйымдастырылғанын айтты.
Андрей Парубий 2016 жылдан 2019 жылға дейін Жоғарғы Рада спикері болды. Бұған дейін көп жыл бойы парламент депутаты қызметін атқарған. 2014 жылы бірнеше ай бойы Украина Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы қызметін атқарып, кейін сол кездегі президент Петр Порошенкомен болған жанжалдан кейін қызметінен кеткен.