Алматы облысында қайтарылған активтердің есебінен жаңа медициналық пункт іске қосылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қазақстанда заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл қаржы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда.
Соның аясында Іле ауданының Көктөрек ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.
Медициналық мекеме алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтармен қамтылған. Енді ауылдың 2 мыңнан астам тұрғыны аудан орталығына шықпай-ақ, жергілікті жерде медициналық қызмет ала алады.
КОНТЕКСТ
Прокуратураның мәліметінше, облыста мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен 29 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Оның 26-сы – денсаулық сақтау саласындағы мекеме.
Активтерді қайтару және оларды қоғам игілігіне пайдалану жұмыстары жалғаса бермек.