Депутат Базарбек заңсыз құрылыстар мәселесін көтерген соң қысым көрген

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы заңсыз құрылыстар мәселесін көтергеннен кейін өзіне жасалған қысымдар туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутаттың сөзінше, жан-жақтан телефон шалатындар көбейген. 

- “Бұл құрылысқа тиісуге болмайды” дегендей айтады. Бірақ біз оған мән бермейміз. Себебі әр құрылыстың артында заңсыз тірліктер жатыр. Мысалы Алматыдағы 12 жер учаскенің артында үлкен банктердің төрағасы, қаржы полициясының төрағасы, “Казкоммерцбанк” басшыларының бұрынғы жерлері бар. 2022 жылы алдын ала ескерткен болатынмын. Мысалы, жасыратыны жоқ, жер иелерінің ішінде Сауат Мыңбаев, Сарыбай Қалмырзаев деген секілді кісілердің жерлері анықталған. Мен мәжіліс депутаты болмай тұрып, заңгер ретінде зерттеп, Азат Перуашев депутаттық сауал жасап, бас прокуратура тиісті тапсырма берді. Ол жерлердің бәрі мемлекетке қайтарылуы керек болған, әлі қайтарылмады, дейді Базарбек. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау аймағында орналасқан 82 жер учаскесін тексеруді өзі бастағанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Алматы облысының прокуратурасы осы мәселеге қатысты ресми жауап жолдаған. 

Прокуратура екі жер учаскесі бойынша заңбұзушылық анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сотқа талап-арыз түсірген.