Ауғанстандағы соңғы жылдардағы ең жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1100-ден асты. Мыңдаған адам жарақат алды, ал құтқару операцияларын елдің шығысындағы таулы аумақтар мен оқшауланған ауылдар қиындатып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ауғанстанның Қызыл Жарты Ай қоғамының дерегінше, кемінде 1 124 адам қаза тапқан, 3 251 адам зардап шеккен, 8 мыңнан астам үй қираған. Ұйымда қираған үйлердің астында әлі де адамдар болуы мүмкін екенін атап өтті. БҰҰ өкілі қаза тапқандар санының өсуі мүмкін екенін айтты, деп жазады Reuters.
Кунар провинциясы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Эхсанулла Эхсанның сөзінше, дүйсенбі күні құтқарушылар ең қатты зардап шеккен төрт ауылда жұмыс істесе, қазір күш-жігер алыс аудандарға бағытталуда.
– Қанша мәйіттің үйінді астында жатқанын нақты айта алмаймыз. Біздің міндет – іздестіруді мүмкіндігінше тезірек аяқтап, зардап шеккен отбасыларға көмек таратуды бастау, – деді ол.
Құтқару жұмыстарына кедергі көп
Таулы бедер мен қолайсыз ауа райы Пәкістан шекарасына жақын аймақтардағы құтқару жұмысын қиындатып отыр. Бұл өңірде балшық пен кірпіштен салынған жүздеген үй толық қираған. Негізгі мәселе – тар тау жолдарымен техниканың жетпеуі. Аймаққа үйінділерді аршуға арнайы техника жіберілді.
Балалар ерекше қауіп-қатерде
БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мыңдаған баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Ұйым зардап шеккендерге дәрі-дәрмек, жылы киім, шатыр, тент пен гигиена заттарын – сабын, жуғыш құралдар, сүлгі, санитарлық төсемдер мен суға арналған ыдыстар жіберіп жатыр.
Тәліптердің араласуы және сыртқы көмек тапшылығы
Зардап шеккен аймаққа «Талибан» қозғалысының жасақтары да жіберілді. Олар тұрғындарға көмек көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Алайда бұл апат билік үшін үлкен сынаққа айналды. Өйткені олар бұған дейін де шетелдік көмектің тапшылығы мен көрші елдерден ауғандарды жаппай депортациялау проблемасына тап болған еді.
Денсаулық сақтау жүйесі әлсіз
– Қираған жолдар, қайталанған жер асты дүмпулері және көптеген ауылдың қолжетімсіздігі көмек жеткізуді күрделендіріп отыр. Жер сілкінісіне дейін-ақ әлсіз болған денсаулық сақтау жүйесі қазір толықтай шамадан тыс жүктелген. Сондықтан жергілікті билік сыртқы ресурстарға толық тәуелді, – делінген ДДСҰ мәлімдемесінде.