Діни киімге тыйым салынды: ІІМ мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда бет-жүзді толық жабатын киім киюге тыйым салу туралы заң нормаларына енгізілген түзетулер 12 шілдеден бастап күшіне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заңның мақсаты

ІІМ мәліметінше, жаңа нормалардың басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және бейнебақылау камералары арқылы тұлғаны тану мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Қандай киімдерге тыйым салынады

Тыйым балаклаваға, медициналық мақсаттан тыс маскаға, никабқа және адамның бет-әлпетін анық көруге кедергі келтіретін өзге де киім үлгілеріне қатысты.

Ерекшеліктер

Дегенмен заңда бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Бет-жүзді жабуға медициналық көрсеткіштер бойынша, ауа райына байланысты, қызметтік және еңбек міндеттерін орындау кезінде, азаматтық қорғаныс шараларында, сондай-ақ спорттық, мәдени және бұқаралық шаралар барысында рұқсат етіледі.

Діни киімге қатысты түсініктеме

ІІМ атап өткендей, тыйым адамның жүзін жаппайтын діни киімдерге (хиджаб, шейла, химар, аль-амира) қатысты емес. Полиция өкілдері жаңа ережелер тек қана қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын, ал азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде діни сенім бостандығы, бұзылмайтынын ерекше атап өтті.